25 мамыр – мектеп өміріндегі ерекше толқыныс пен шынайы қуанышқа, қимастық сезімге толы, арманға қанат бітіретін айтулы күн. Астана қаласының «Білім-Инновация» қыздар лицейінде кезекті оқу жылының аяқталуына және 11-сынып түлектерін үлкен өмір жолына шығарып салуға арналған «Лицейім, саған мың алғыс!» салтанатты іс-шарасы жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік шара барысында лицей қабырғасында білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, алтын ұя мектебінің атын республикалық және халықаралық аренада асқақтатқан жас түлектерімізге құрмет көрсетілді. Салтанатты жиында сөз алған лицей әкімшілігі мен ұлағатты ұстаздар қауымы шәкірттердің қажырлы еңбегін атап өтіп, ақ жол тіледі. Сондай-ақ қимас сәтте үміт ақтаған қыздарымыз өздеріне заманауи білім беріп, өмірлік бағыт-бағдар көрсеткен аяулы лицейіне, ардақты мұғалімдеріне деген шексіз алғыстары мен ыстық лебіздерін арнады.
Жас түлек – жарқын болашақтың бастауы. Биылғы түлектеріміздің білім қоржыны қазірдің өзінде әлемнің және еліміздің ең беделді жоғары оқу орындарының гранттарымен толығып үлгерді. Бұл көрсеткіш – лицейіміздің сапалы білімінің және қыздарымыздың зор әлеуетінің айқын айғағы.
Лицей ұжымы мен ата-аналар қауымы үлкен өмір айдынына қадам басқан әрбір жас түлегімізді шын жүректен құттықтайды!
Қанаттарың талмай, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер. Алдағы келе жатқан мемлекеттік емтихандар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) жоғары көрсеткіштерге қол жеткізулеріңізге тілектеспіз. Лицейіміздің абыройын асқақтатар азаматша болып, еліміздің жарқын болашағына сүбелі үлес қосатындарыңызға сеніміміз кәміл. Жолдарың ашық, сапарларың сәтті болсын, жас түлектер!