Лицейіміздің биология пәні мұғалімі Жанасова Құралай Еркенқызы Қазақстан Республикасының «Үздік педагог» атағына ие болды. Бұл – ұстаздық жолдағы жоғары кәсіби біліктілік пен еңбектің зор жетістігінің дәлелі.
Марапат Республика күні қарсаңында өткен салтанатты шарада ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан табысталды.
Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 1468 педагог арасынан іріктеліп, 64 мұғалім осы мәртебелі атаққа лайық деп танылды. Жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде сыйақы табысталды.
– Мемлекеттің ұстаздарды қолдауы – білім саясатының басты бағыты. Республика көлемінде үздік педагогтер пулы қалыптасты. Ендігі мақсат – осы ұстаздардың тәжірибесін кеңінен таратып, жас мамандардың кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсету, – деді министр өз құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, «Үздік педагог» байқауы елімізде 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 752 ұстаз бұл атаққа ие болған.
Лицей ұжымы мен оқушылар қауымы Құралай Еркенқызын шын жүректен құттықтап, алдағы шығармашылық және кәсіби жұмысына табыс тілейді!
📘 Бұл марапат – ұстазымыздың еңбегі мен біліміне берілген лайықты баға. Біздің лицей үшін үлкен мақтаныш!