7-11 қазан аралығында мектепте дене шынықтыру, көркем еңбек, ән-күй және алғашқы әскери дайындық апталығы аталып өтті. Бұл апталықта оқушылар мен ұстаздар бірлесе отырып, спорттық және мәдени іс-шараларға белсене қатысты. Мектептің кіреберісі апталықтың рухына сай спорттық және әскери тақырыпта безендіріліп, көркем өнер бұйымдары мен оқушылардың шығармашылық жұмыстары қойылған «Өнерліге есік ашық» көрмесі көптің қызығушылығын оятты.
7 қазан күні таңертең апталықтың ашылуы сап түзеу рәсімімен басталып, Қазақстан Республикасының Гимні шырқалды. Ашылу салтанаты барысында мектеп мақтаныштары волейболшы, баскетболшы және гимнаст қыздар спорттық қойылымдар көрсетті. Сонымен қатар сұрақ-жауап ойындары, оқушылардың реакциясына арналған ойындар мен музыкалық нөмірлер ерекше әсер қалдырды.
Апта бойы 7-11 сыныптар арасында түрлі спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды. 7-сыныптар эстафетаға және арқан тартысқа қатысса, 8-сыныптар асық ату сайысында бақ сынады. Ал 10-11 сыныптар арасында өткен волейбол ерекше тартысты өтті. Ұзақ үзілістер кезінде кішігірім ойындар ойнатылып, сурет салу, музыкалық «угадай мелодию» ойыны, допты нысанаға тигізу және жартылай шашып жинау сайыстары арқылы оқушылар уақыттарын көңілді өткізді.
11 қазан күні апталықтың жабылу салтанаты ұйымдастырылып, үздік командалар мен белсенді қатысушылар марапатталды. Бұл іс-шара оқушылардың спортқа, өнерге және шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыруға ықпал етіп, оларға жаңа әсер сыйлады.