Оқушыларды елін сүюге, Отанға деген мақтаныш сезімін арттыруға ықпал ету, сыйластық, татулық, бақыт ұғымдары туралы түсініктерін кеңейту, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің ұланы екендігін мақтанышпен сезіне білуге тәрбиелеу мақсатында, сонымен қатар, Астананың құбылмалы ауа райына байланысты, әрі шығыс халқына ортақ мереке екенін ескеріп, Ұлыстың Ұлы Күні – Наурыз тойын да 1 МАМЫР – Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс атап өтуді жөн көрдік (01.05.2023). Лицей ғимаратының айналасына әр сыныптан ата-аналарымыз 21 киіз үй тігіп, ұлттық тағамдар дайындап, бір-бірін қонақ етті. “Білім-Инновация қорынан” да құрметті қонақтарымыз келіп, аталмыш іс-шарамыздың куәсі болды. Үлкен сахна орнатылып, әр сынып өздерінің өнерлерімен бөлісті: бірі ән шырқап, күй шертіп, би билесе, 7-8 сынып оқушылары салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында сахналық қойылымдарын ұсынды. Елімізге танымал әншілері де, атап айтқанда, Бағдат Самединова, Алтынай Жорабаева, Ұлықпан Жолдасов, әсем әндерімен сахнамыздың сәнін келтірді. Теледидардан журналистер келіп, лицей директоры Рахым Үркімбаевтан сұхбат алды. Осылайша лицейіміздің бүгінгі ауқымды іс-шарасын бүкіл Қазақ елі тікелей эфирден тамашалады. https://youtu.be/fbq_4UwJz74